Жаңа салынған үйдің құбырларын ұрлағандар ұсталды

Гүлжан АБАЙҚЫЗЫ

ПД баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтанда әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға берілген үйдің жылыту құбырларын тонағандарға қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Елордадағы С-303 көшесіндегі 6 үйдің тұрғындары жаңадан алған үйлерінің тоналып жатқанын айтып шағымданды. Бұған дейін пәтер иелері кооперативінен, қала әкімдігінен көмек сұраған. Алайда құзырлы органдардан жауап болмағандықтан әлеуметтік желіге жариялапты.

"Бұл үй арнайы бағдарлама бойынша бізге сатып алу құқығынсыз жалға берілді. Сәуір айында осы үйдің жылу жүйелеріне қосатын құбырлар ұрлана бастады. Алдымен тек бірінші қабаттағы құбырларды ұрлағандар бара-бара өзге қабаттағы крандарды, жылу құбырларын да жымқырды. Біз ПИК-ке бардық, әкімдікке жаздық. Ешкімнен жауап болмады. Тұрғын үй қорынан мамандар келіп, олар да мәселені шешпеді. Тек ПИК-тегілер "жоғалған заттарды төлейсіңдер" деді. Біз оны қалай төлейміз? Бұл үйде тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар тұрады. Енді екі айдан кейін күн суытады. Тіпті бізді кедейсіңдер, бұл үйден шығарып жібереді деп те қорқытты", — дейді тұрғындардың бірі.

Айта кетейік, сатып алу құқығынсыз жалға берілетін үйде мүгедектер, зейнеткерлер, көп балалы отбасылар, жетімдер тұрады. Тұрғындардың шағымы бойынша елорда әкімдігіне ЭК тілшісі сауал жолдап, мынадай жауап алды.

"Сервис және қызмет көрсету" тұтыну кооперативі 2020 жылғы 30 желтоқсандағы № 4 хаттама негізінде С-303 көшесі бойынша тұрғын үйлерге қызмет көрсетеді. 2021 жылғы 5 маусымда белгісіз біреулер осы көшедегі 6-шы үйдің мүлкін тонаған. Қазір күдіктілер ұсталды. Шара қолданылады", -деді Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіндегілер.

Тұрғын үй мүлкін ұрлаған күдіктілер қазір уақытша қамауға алынды. Оларға қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр екен.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров