Премьер-Министр Аймағамбетовке 10-шілдеге дейін уақыт берді

Бек ТӨЛЕУОВ

Primeminister.kz

Бүгін Үкімет отырысында Асқар Мамин Білім және ғылым министрлігіне тапсырма берді, деп хабарлайды ЭК.

"Білім беру объектілерінде қолайлы, әрі қауіпсіз орта қалыптастыру — біздің басым міндеттеріміздің бірі. Мектептерде тексеру жүргізу барысында терроризмге қарсы қауіпсіздікті бұзу фактілері анықталды. Оқу орындарын кәсіби күзетпен қамтамасыз ету, турникеттер, "дабыл түймелері" мен камералар орнату жұмысының ұйымдастырылу деңгейі жеткіліксіз. Кәсіпқой күзетпен қамтамасыз етілген мектептердің ең көбі Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында. Ал Шығыс Қазақстан облысында мектептерде орнатылған камералар талаптарға толық сәйкес келеді", — деді Аcқар Мамин.

Ол оқу орындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмысын айтарлықтай жандандыру қажеттігін айтты. Сондай-ақ өңірлерде балаларға қатысты және балалар арасындағы құқық бұзушылықтар профилактикасын салааралық үйлестіруді күшейту талап етілетінін жеткізді.

"Өңірлердің әкімдіктері жаңа оқу жылы басталғанша білім беру ұйымдарын қауіпсіздіктің материалдық-техникалық құралдармен қамтамасыз етсін. Бұл ішкі істер органдарының жедел ден қою орталығына шығатын бейнебақылау жүйелерін жаңартуға, кәсіби күзетпен, турникеттермен және "дабыл түймелерімен" қамтамасыз етуге қатысты. Білім министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірге осы жылдың 10 шілдесіне дейін блім беру ұйымдарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жол картасын бекітсін", — деп тапсырма берді Үкімет басшысы.

Одан бөлек, Білім, Мәдениет, Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрліктері биыл 20 шілдеге дейін осал ведомстволық объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекітуі қажет.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров