Үлескерлер BI Group-тың алдап соққанын айтты

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

© ЭК

BI Group құрылыс компаниясы Gulder тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен жасалған брондау келісім-шартын біржақты бұзып жатыр, деп хабарлайды ЭК.

Брондау келісім-шарты бойынша үлескерлер былтыр екі миллион теңге қаражат салып, құрылыс салушы мен Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры арасындағы келісімнің жасалуын күтіп отырған еді. Үлескерлік келісім-шарты содан кейін жасалуы тиіс болатын.

Әне, міне деп уақытты созып келіп, ақырында BI Group "келісім-шарт біржақты бұзылады" деп айды аспанға бір-ақ шығарған. Қойып отырған талабы ­ — "не пәтерді жаңа қымбат бағаға аласың, не салған ақшаңды қайтарып аласың". Екінің бірі.

"Бізге ұсынып отырған шарты жарамайды. Компания шығынды өтейміз дейді. Бізге 100 мың теңге төлемек. Ал біз 10 млн теңге жоғалтып отырмыз. Үш бөлмелі пәтерімізді сатып, ақша салдық. Қазір бір бөлмелі пәтерге де қол жеткізе алмай отырмын. Өйткені, баға шарықтап кетті", ­- дейді Әйгерім Жүнісова.

Үлескердің айтуынша, оларға мүлде басқа компания салатын, құрылысы 2022 жылы басталатын пәтерлерді ұсынып отыр.

BI Group компаниясы болса, әлеуметтік желі арқылы үлескерлерден кешірім сұрап, шара қолданамыз дегеннен әрі аса алмай отыр.

"Әлемдік және жергілікті нарықтағы тұрақсыз ахуал қарымта шаралар жасауға мәжбүрледі. Кейбір құрылыс материалдары мен қызмет түрлері қымбаттады. Соған байланысты келісім-шарттардың бұзылғанын хабарладық. Құрылыс материалдары, техникасы мен монтаж жұмыстары 50 пайызға дейін қымбаттаған. Атап айтқанда, арматура — 90 пайызға, бетон — 45 пайызға, крандар — 30 пайызға, құрылыс-монтаж жұмыстары 25 пайызға қымбаттап кетті", ­ — деп ақталады компания өкілдері.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров