Алакөлдегі демалыс орындары "Ashyq"-қа қосылды

Болат МӘЖИТ

©ЭК/Алимжан БАРАНГУЛОВ

Алакөлдің Шығыс Қазақстан облысына қарасты жағалауында орналасқан 94 демалыс базасы «Ashyq» жобасына қосылды, деп хабарлайды ЭК.

Шипалы көлге келушілердің саны жыл санап артып келеді. Қазір өңірде 188 демалыс орны тіркелген. Соның ішіндегі 163 нысан эпидемиологиялық талапқа сай. Ал қалған 25 демалыс орны күрделі жөндеуден өтуде. Бұл туралы ШҚО санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мәлімдеді.

"Ashyq" жобасына кірген демалыс базаларының саны — 94. Мамандар COVID-19 инфекциясы таралуының алдын алу мен "Ashyq" жобасы аясында қызмет көрсетудің тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде,

делінген ақпаратта.

Келушілер "Аshyq" мобильді қосымшасының арнайы QR-кодын сканерлеуі тиіс. "Сары" және "қызыл" мәртебесі бар азаматтарға туристік-рекреациялық аймақтарға кіруге тыйым салынады.

Егер интернет ұстамай, мобильді қосымша істен шықса немесе өзге де себептер болған жағдайда демалушылар сол күннен бастап үш тәулік ішінде (72 сағат) аспаған теріс нәтижесі бар ПТР-сынамасын, COVID-19 инфекциясына қарсы вакцинациялаудың толық курсын алғанын растайтын құжатты немесе Damumed медициналық сервисінен еңбекке уақытша жарамсыздық парағын ұсына алады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров