Нығматулин демалыстан соң қандай жұмыс күтіп тұрғанын айтты

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин қыркүйек айында Парламент палаталары қандай заңдарды қарайтынын айтты, деп хабарлайды ЭК.

Бүгін Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, 7-сессия қорытындыланды. Енді депутаттар қыркүйек айына дейін демалыста болады. Ал күзде екінші сессиясы басталады. Қазіргі уақытта палата қарауында 35 заң жобасы бар. Депутаттар демалыстан келген бетте бірінші кезекте осы заң жобаларын қарайды.

Оның ішінде "Өнеркәсіптік саясат туралы", "Өсімдіктер дүниесі туралы", "Семей ядролық қауіпсіздігі туралы", "Әскери полиция органдары туралы" заң жобалары бар. Ал ең негізгісі ол — әрине еліміздің бас қаржы құжаты. Осыған байланысты біз әдеттегідей 3 жылдық "2022-2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" заң жобасын қабылдайтын боламыз", — деді Нұрлан Нығматулин.

Төраға онда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын күшейтуге, пандемия салдарын еңсеруге, ел дамуындағы маңызды бастамаларды жүзеге асыруға қажетті мемлекеттік қаражаттарды заңмен бекітеміз деп отыр.

"Сонымен қатар келесі сессияда мемлекеттік жастар саясаты, қоғамдық бақылау, басқа да халық проблемасын шешуге арналған заңдарды қабылдау ел мен қоғам дамуына жаңа серпін берері сөзсіз. Осының барлығы біздің жұмысымыздың бір ғана бөлігі деп айтуға болады", — дейді спикер.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров