Орталық қызметкерлері екі айдан бері жалақы ала алмай жүр

Нұрболат АДЫРБЕК

© Нұрболат АДЫРБЕК

Алматыдағы «Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығының» 250-ге жуық қызметкері соңғы екі ай бойына жалақыларын ала алмай отыр, деп хабарлайды ЭК

Редакциямызға осы орталықтың Түрксіб аудандық бөлімінің қызметкерлері хабарласты. Олардың айтуынша, мамыр айынан бері тиесілі жалақыларына қол жеткізе алмай отырған көрінеді.

"Біз соңғы рет сәуір айының соңында жалақы алдық. Содан бері Алматы қалалық білім басқармасындағылар "әне-міне" деп созып келе жатыр. Енді кешеден бері "шілде айының соңында немесе тамыздың соңында есептесеміз" деген жауап айтуда. Біздің барлығымыздың отбасымыз бар. Ай сайын несие төлеп отырмыз", — дейді бізге телефон арқылы хабарласқан орталық қызметкерлері.

Сондай-ақ, мекемедегі біраз қызметкерлер кезекті демалысқа шыққанда берілетін заңды төлемақысын да ала алмай отыр екен.

Біз осы маусым айында кезекті демалысқа кетуіміз керек болатын. Ол үшін демалыс алдындағы берілетін төлемақымыз демалысқа шығардан үш күн бұрын түсу керек еді, әлі қолға тимеді,

дейді бір топ қызметкер.

Тілшілеріміз осы түйінді мәселенің себебін білмек болып, Алматы қалалық білім басқармасына хабарласқан еді. Бізге жауап берген басқарма басшысының орынбасары Айсұлу Амангелдіқызы бұл түйткілдің екі-үш күнде шешілетінін айтты.

"Біз ол орталықты осы жылдың ақпан айынан бері қайта құруды бастағанбыз. Сол себепті оларды салалық міндеттеріне қарай 17 заңды ұйымға бөлдік. Осы шаруалардың құжаттарын реттеуге кеткен уақыт есебінен мекемедегі барлық берешектер мен төлемдер уақыты екі айға кешікті. Қазір барлығының мөрлері дайындалып, құжаттары реттелді. Енді орталық мамандары заңды алашақтарын алдағы екі-үш күнде толық алады", — дейді А.Амангелдіқызы

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров