Қабанбай батыр даңғылын жөндеуге Қазақстан Қытайдан 199 млн доллар сұрады

Бек ТӨЛЕУОВ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Елордадағы Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңарту үшін Үкімет Қытай банкінен қарыз алмақшы, деп хабарлайды ЭК.

Қаржы министрлігінің ресми сайтында Үкімет басшысы Асқар Маминнің қолы қойылған қаулы шықты. Онда елорданың сол жағалауындағы көшелерді жөндеу үшін "ҚазАвтоЖол" компаниясының Қытай банкінен қарыз алуы тиіс соманың көлемі жазылған. Үкімет өз тарапынан Ұлттық компанияға қарызға байланысты мемлекеттік кепілдікті бермекші.

Бұл қаражат арқылы Қабанбай батыр даңғылының бойында Тұран даңғылына дейін көлік торабын салып, Салтанат Сарайынан бастап Нұрсұлтан Назарбаев атындағы халықаралық әуежайға дейінгі учаскеде Қабанбай батыр даңғылын қайта жаңарту көзделген.

"Қаржы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен Қытайдың экспорт-импорт банкіне мемлекеттік кепілдік туралы келісімді жасасу күніне валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша 199 683 202 АҚШ долларына дейін баламалы сомада "ҚазАвтоЖол" ҰК АҚ-тың тартылатын қарызы бойынша міндеттемелерін қамтамасыз ету ретінде жоба бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік кепілдігін берсін",– делінген қаулы жобасында.

Былтыр "Қазавтожол" ҰК өкілдері көшені жаңарту жұмыстары 2021 жылдың маусым айында басталады деп сендіргенін айта кету керек. Бірақ жаңарту жұмыстары жоспарланған уақытта басталған жоқ.

"ҚазАвтоЖол" компаниясының өкілдерінің айутынша, оған себеп — осы Банктің қарыз қаражатын бөлу бойынша рәсімдерінің ұзақтығы.

Қаржы түскеннен жөндеу жұмыстары бірден басталады. Қазақстан қытайлық банктен бұл қарызды 20 жылға 2%-дық үстемақымен алмақшы.

Жоба "Нұрлы жол" мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асады. Қабанбай даңғылы болашақта 6-8 жолақты болады деп жоспарланған.

Ал жөндеу жұмыстарынан кейін елордада Қабанбай батыр және Тұран даңғылдарының арасында көлік торабы пайда болады. Жоба көлік ағынын арттырып, осы жерде жиі болып тұратын көлік кептелісін азайтуға септігін тигізеді деп күтіледі.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров