Жас мұғалім жұмысқа тұру үшін біліктілік тестін тапсыруы тиіс

Шадияр ӨСТЕМІРҰЛЫ

©ЭК/Валерий КАЛИЕВ

Бұдан былай жоғары оқу орындарын жаңа бітірген жас мұғалім Ұлттық біліктілік тестілеуден өткеннен кейін ғана жұмысқа тұра алады, деп хабарлайды ЭК.

Білім және ғылым министрлігі осылайша кадр сапасын арттыруды көздеп отыр. Біліктілік тестілеуі түлектердің пән бойынша білімі мен оқыту әдістемесінің деңгейін анықтауға мүмкіндік бермек.

"Мұндай жаңашылдық балаларымызды білікті педагог оқытуы үшін енгізіліп отыр. Биыл оқуын тәмамдаған жоғары оқу орындарының түлектері мен осы уақытқа дейін мектепте жұмыс істемеген педагогтер Ұлттық біліктілік тестілеуін тапсыруы тиіс", — деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрайымы Майра Мелдебекова.

Тестілеуден өтіп, қажетті балл жинағандар ғана жұмысқа қабылданады. Ұлттық біліктілік тестілеуі басталып та кеткен. Оны тапсыру үшін Ұлттық тестілеу орталығының сайтында алдын ала тіркелу қажет.

"Бұл жаңа жүйе оқуын аяқтап, педагог болып жұмыс істеуге ниет білдіргендерге ғана қатысты. Яғни қазір жұмыс істеп жүрген мұғалімдерге мұндай талап қойылмайды", — деп нақтылады Майра Мелдебекова.

Естеріңізге сала кетейік, 2020 жылдан бастап педагогикалық мамандықтарға түскісі келген түлектерге қойылатын талап күшейтілді. Егер бұрын ҰБТ-да болашақ педагогтар үшін шекті балл 50 болса, енді шекті балл 75-ке дейін көтерілді. Шәкіртақы көлемі 26 мыңнан 42 мың теңгеге дейін өсті. Қыркүйектен бастап елімізде студенттердің шәкіртақысы 20%-ға көбейеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров