Жаңаөзенде жұмысшылар ереуілге шықты

Жұмазия ОРАЗАЙ

Бейнеден кадр

Жаңаөзендегі «КЕЗБИ» кәсіпорнының жұмысшылары жұмысты жаппай тоқтатып, ереуілге шықты, деп хабарлайды ЭК.

Мұнайшылар мекеніндегі жұмысшылардың митингі 30 маусымда басталды. Кәсіпорынның 200-ге жуық жұмысшысы мекеменің маңайына жиналып, арыз-талаптарын ортаға салды. Олардың айтуынша, мұнай өндіруші басты компанияға қызмет көрсететін кәсіпорынның жалақысы тым аз. Жұмыс уақыты 16 сағат болса, оның 11-12 сағаты ғана төленетінін көрінеді. Аптап ыстық пен қақаған суықта ұңғыларды жөндеп, жерасты жабдықтарын көтеріп-ауыстыру сияқты күрделі жұмыстар үшін қазіргі жалақы өте аз. Әлеуметтік пакет қарастырылмаған. Осыған дейін төленіп келген сыйақы мөлшері де азайып кеткен. Техникалар ескіріп, жарамсыз күйге түскен. Жұмысшылар соның кесірінен өмірімізге қауіп төніп отыр деп санайды.

Бейнеден кадрБейнеден кадр
Бейнеден кадр

"Біздің қасымызда "Өзенмұнайгазға" қарасты НГДУ деген мекеме бар. Атқаратын жұмысымыз бірдей. Ұңғыларға күрделі жөндеу жүргіземіз. Олар 800 мың теңге айлық алады. Ал біздің жалақымыз, одан 2-3 есеге төмен. Тіпті вахталық әдіске жататын жер қарастырылмаған. ҚР Конституциясында белгіленген мерекелік күндерге толық жалақы мен жыл соңындағы 13 айлық және жылына бір берілетін еңбек демалысындағы сауықтыру көмектері (материалдық көмек) төленсін. Сондай-ақ, мекеме басшылығы тарапынан қаржылық ашықтық жоқ. Жұмысшылардың мансап жолымен өсуі де жолға қойылсын. Мынадай мұнай мен газ өнідіріліп жатқан экологиясы нашар жерде тұрамыз. Жұмысшылар жылына бір рет те емдеу орындарына жіберілмейді", — дейді жұмысшылардың бірі.

Наразы топтың айтуынша, олар екі жылдан бері жұмыс берушіге осы талаптарын айтып келе жатыр. Жұмысшылардың бастамасымен "Ынтымақ" кәсіподағы да құрылған. Олар өздерінің 11 талаптан тұратын арыз-шағымын да компания мен басқа да еңбек дауларын реттейтін мекемелерге жіберіп келген. Ешқандай нәтиже шықпаған соң, бүгін осы вахталық кезеңнің барлық жұмысышысы жұмысқа шықпай қойды.

Бейнеден кадрБейнеден кадр
Бейнеден кадр

"Жалпы 150-180 адам жұмысын тоқтатты. Шұғыл әрекеттерімізді алдық. Наразылық білдірген жұмысшыларға қалалық прокуратура, Ішкі істер басқармасы, еңбек инспекциясының мамандарымен бірге оларға жұмысқа шығу және заңсыз әрекетке бармау туралы түсіндірілді. Бірақ түсіндіргенімен, жұмысшылардың жұмыс берушіге беріп отырған арыз-талаптары бар. Сол арыз-талаптарды шешу үшін қазір жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасында арбитражды комиссия құрдық. Сол комиссияда барлық арыз-талаптар заңды белгіленген мерзімде қаралатын болады. Мәселе бақылауда. Жалпы оның заңды түрле шешілуіне барлық жағынан қолдау білдіруге дайынбыз", — деді Жаңаөзен қаласы әкімінің орынбасары Ғалым Байжанов.

Бейнеден кадрБейнеден кадр
Бейнеден кадр

Бүгін ереуіл болған жерге қала әкімі мен кәсіпорын және кәсіподақ басшылары барып, мәселені бақылауға алғанын айтты. Бірақ "КЕЗБИ" ЖШС жұмысшылары аталған 11 арыз-талаптың біреуі де орындалмаса, жұмысқа шықпайтындарын мәлімдеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров