Мамытбеков: Мал өнімдері қымбаттаса, салдары сұрапыл болмақ

Абылай МАУДАНОВ

facebook.com / AssylzhanMamytbekov

Еліміздің бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі, Қазақстан ет одағының төрағасы Асылжан Мамытбеков Facebook-тегі парақшасында ауыл шаруашылығы саласындағы қазіргі ахуалға байланысты пікірін білдірді, деп хабарлайды ЭК.

"Биыл жем-шөппен қамтамасыз ету бойынша өте ауыр жыл болып тұр, апатты деп айтуға болады. Суық әрі ұзаққа созылған көктем, жауын-шашынға сараң, құрғақ жаз салдарынан жайылымдар мен шабындықтарда шөп бой көтермей жатып, күн ыстығына жұтап, бірден қурап кетті. Қысқасы, шөптердің вегетациялық кезеңі жүзеге аспады", — деген ол қуаңшылықтың форс-мажорлық емес, болжамды, қайталанып тұратын жағдай екенін, тек оған дайын болу керектігін еске салады.

"Көктем ызғары созылып, жаз аптабы қиынға соқты. Сондай-ақ келесі жыл малға мамыражай болатынына кепілдік жоқ" деген Мамытбеков алдағы болуы ықтимал жағдайларды тізбелеп берген.

"Фермерлер алаңдап, шығындарды есептеп, мал басын қысқарта бастайды, малды сойып, немесе тірідей арзан бағаға сатады. Баға құлдырайды. Бірақ қысқа ғана уақытқа мәжбүрлі түрде төмендеген баға, мал басының жаппай қысқаруы салдарынан кейін мал шаруашылығында өндірілетін өнімдердің (ет, сүт, май және тағы басқа) құны күрт өседі. Бағаның өсуі ол енді бүкіл халықтың қалтасын қағады. Сол кезде жағдайды түзеуге кеш болады, жақсартам десең де ештеңе көмектеспейді. Оны түзеу елімізге ұзақ уақыт әрі қымбатқа түседі. Елді дүрліктірген картоптың екі апталық проблемасын алдап-сулап, сөзбен силап-сипап еңсеруге мүмкіндік болса, ет пен сүтке бағаның күрт өсуінің салдары сұрапыл болады", — дейді Мамытбеков.

Мұның арты шағын кәсіпорындардың жаппай жабылуына, жұмыс орындарының қысқаруына, мыңдаған отбасын табыссыз қалдыруы мүмкін екенін айтқан экс-министр,үкімет пен әкімдік "қазіргі қиындықты мал өсірушілердің жеке мәселесі" деп көз жұма қарап, қол қусырып отыра бермеуі керек" дейді. Бұл ретте Мамытбеков ауыл шаруашылығы саласындағы бизнеске жәрдемдесудің кешенді шараларын әзірлеуді ұсынады.

Жағдайды оңалту үшін қолданыстағы несиелердің мерзімін ұзарту және қайта құрылымдау, азық сатып алуға мұқтаж фермерлерге қолайлы шарттармен жаңа несиелер мен уақытша қаржылай көмек беру керек. Осылай деген экс-министр егін орағы кезінде сабанды ысырап етпей жинап алып, басқа өңірлерге жеткізуді жолға қою қажеттігін айтады.

"Мұқтаж фермерлерге ерекше қорғалатын табиғи аумақтардан шөп жинауға мүмкіндік беру — тығырықтан шығудың бір жолы екенін айтқан Мамытбеков "мәселені шешуге уақыт барда әрекет ету керек! Шара қолданбаса кеш болады!" деп дабыл қағады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров