Кітаптан түскен қаражат журналистің еміне жұмсалады

Болат МӘЖИТ

Facebook/Есболат Айдабосын

Бейсен Құранбектің «Парасат биігі» атты кітабы сатылымға шығарылып, одан түскен қаражат журналист Бағдат Мұқтарұлының еміне жұмсалады, деп хабарлайды ЭК.

Бұл туралы осы кітапты құрастырған жазушы Есболат Айдабосын өзінің Facebook парақшасында жариялады.

Бейсен Құранбек! Бұл есім миллиондардың жүрегіне сақталған. Өйткені ол шебер тележурналист болуымен ғана көзге түскен жоқ, талай тағдырды қаламының күшімен қиындықтан арашалаған қамқор жан. Қазір өзі жоқ болса да, артында қалған ізбасарлары Бейсен жолын лайықты жалғастырып жатыр. Соның бір дәлелі Бейсен Құранбектің "Парасат биігі" атты кітабы.

"Жүз мың берсеңіз де, жүз теңгеге бағаласаңыз да ырза боламыз. Өйткені бұл қаражат Бейсен ағаның жақсы көретін інісі, журналист, радио саңлағы Бағдат Мұқтарұлының есеп-шотына аударылады. Бейсен Құранбекті дерттен құтқара алмадық, амал нешік! Дауасы табылмады. Енді Бағдатты сақтап қалайық" деп жазады Есболат Айдабосын.

Бағдат Мұқтарұлының ауыр дертке ұшырағанына біраз болыпты. Бүйрек ауыстыруға жиналған қаражат әлі жеткіліксіз. Сондықтан журналист Есболат Айдабосын өз әріптесіне осылайша көмек қолын созуды мақсат еткен.

"Бейсекең де ана жақта жатып, қолдап жатқан шығар, кім білсін. Әруақтың шапағаты тірілерге тие берсін!" дейді жазушы.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров