Токиода Қазақстан туын көтеретіндер белгілі болды

Бек ТӨЛЕУОВ

Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Алдағы Токио Олимпиадасында Қазақстан туын көтеріп шығатын спортшылар белгілі болды, деп хабарлайды ЭК.

Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қазақстан туын Жапония төрінде жеңіл атлетикадан Лондон Олимпиадасының чемпионы Ольга Рыпакова мен боксшы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері Қамшыбек Қоңқабаев көтереді.

"Токио Олимпиадасының басталуына бір айдан аз уақыт қалды. Мен Ольга Рыпакованың Олимпиаданың ашылу салтанатында Қазақстанның Туын алып шығатынына қуаныштымын. Себебі, Ольганың арқасында көк байрағымыз Олимпиада көгінде бір емес, бірнеше рет желбіреді. Қамшыбек Қоңқабаев — қазақстандық спорттың күші мен шеберлігінің үлгісі, Олимпиада шаршы алаңында зор жауапкершілікке ие болған бокс құрамасының капитаны. Екі спортшы да қатарластарының алды, құраманың көшбасшылары және жас буынға үлгі", — дейді Ұлттық Олимпиада комитетінің преизденті Тимур Құлыбаев.

Ольга Рыпакова үшін Токиодағы Олимпиада оның спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы болмақ. Ол үш қарғып секіру бойынша 2008 жылы Бейжің Олимпиадасында күміс, 2012 жылы Лондонда алтын және 2016 жылы Риода қола медаль жеңіп алды.

Бұдан бөлек, Ольганың еншісінде Универсиадада алтыны және Азия ойындарының алты алтын медалі бар. Сондай-ақ, әлем чемпионы және 2010 жылғы құрлықтық кубогтің иегері.

Ал Қамшыбек Қоңқабаев — бокстан Қазақстан ерлер ұлттық құрамасының капитаны. Ол 2014 жылғы әскерилер арасында әлем чемпионы, Азия чемпионатының екі дүркін және 2017 мен 2019 жылғы әлем чемпионаттарының күміс жүлдегері. Токио Олимпиадасы 29 жастағы қызылордалық спортшы үшін алғашқы Олимпиада ойындары болмақ.

Олимпиада ойындарының ашылу салтанаты 23 шілдеде Токио Олимпиада стадионында өтеді. Олимпиадалық команда Токиоға жіберілгенге дейін жаттығу базаларында кем дегенде екі апта карантинде болады. Команда Жапонияға 16 шілдеде аттанады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров