Теңіз кен орнында тағы да ауа ластанды

Фархат ӘБІЛОВ

Бейнеден кадр

Теңіз кен орнында орналасқан зауыттардың бірінің мұнарасынан газ жанып, қою қара түтін шығып, ауа ластанды, деп хабарлайды ЭК.

Атырау облысы бойынша Экология департаментінің баспасөз қызметі ЭК тілшісіне кен орнында ақау болғанын растап, тексеріс жұмыстары жүргізілетінін хабарлады.

— Қоршаған ортаға келген залалды анықтау үшін тексеру жұмыстарын ұйымдастырамыз. Қазір Екінші буын жобасы зауытында орын алған ақаудың себептері анықталып жатыр. Екінші буын зауытының мұнай желісінде клапан жабылып қалған. Сол себепті өндіріс пен жұмысшылардың қауіпсіздігі үшін отын газы ауаға жағылды, — деп хабарлады Экология департаментінің баспасөз қызметіндегілер.

"ТеңізШеврОйл" ЖШС өкілдері де ақау болғанын растап, қазір зауыттың штаттық режимде жұмыс істеп жатқанын айтты.

— Теңіздегі нысандардың бірінде уақытша техникалық ақауларға байланысты газдың жағылғанын растайды. Қазіргі уақытта барлық өндірістік нысандар қалыпты жұмыс істеп жатыр.ТШО оқиға себептерін анықтау үшін тексеру жұмыстарын жүргізуде, — деді ЭК тілшісіне "ТеңізШеврОйл" ЖШС баспасөз қызметі.

Соңғы екі жылда ТШО ауаны ластағаны үшін және қоршаған орта эмиссиясы үшін 5 млрд теңгеден астам қаржы төлеген.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров