Токио Олимпиадасының 96 лицензиясы қанжығамызда

Бек ТӨЛЕУОВ

Қазақстан ҰОК баспасөз қызметі

Токио Олимпиадасына жолдама алу мерзімі аяқталды. Қазақстандық спортшылардың толық тізімі анықталды, деп хабарлайды ЭК.

Отандық атлеттер спорттың 27 түрінен 96 жолдамаға қол жеткізді. Ал құрамаға 95 спортшы енді. 23 шілде күні басталатын 4 жылдықтың басты додасында барлығы 339 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Айте кету керек, отандастьарымыз Олимпиада ойындарында алғаш рет спорттық құзға өрмелеу және каратэден қатысады. Құзға өрмелеуден ел намысын Ришат Хайбуллин қорғаса, каратэден бес спортшы барады: Асаділов, Ажиканов, Юлдашев, Жаңбырбай мен Берульцева.

Танымал қазақстандық жеңіл атлет Ольга Рыпакова отандық олимпиадалық құрамның көшбасшысы болатыны сөзсіз. Бұл дода Ольганың спорт мансабындағы төртінші Олимпиадасы. Бүгінде оның қоржынында Олимпиада медальдарының толық жиынтығы бар. Осыған дейінгі 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медаль жеңіп алған.

Су добынан ерлер құрамасы командалық ойын түрлерінен жарысқа қатысатын қазақстандық жалғыз құрама болып отыр. Олар Олимпиада ойындарына сегіз жылдан кейінгі үзілістен соң оралды.

Дәстүр бойынша Қамшыбек Қоңқабаев бастаған бокстан ерлер командасы толық құраммен, сегіз салмақ бойынша қатысады. Ел қоржынындағы тоғыз жолдама боксшыларға тиесілі.

Гимнаст Милад Карими жалғыз өзі жеті жолдаманы еншілеп, іріктеу кезеңін сәтті аяқтады.

Жүзуден бізге үш жолдама бұйырды. Оның екеуі Олимпиада чемпионы Дмитрий Баландинге тиесілі.

Отандасымыз Руслан Құрбанов Халықаралық семсерлесу федерациясының жеке рейтингі бойынша құрлықтық квотаны жеңіп алған 6 спортшының қатарына енді. Афинадағы Олимпиада ойындарынан кейін (2004) алғаш рет Қазақстанның үш велошабандозы топтық жарыста бақ сынайды. Мұндай нәтижеге қол жеткізуге команда көшбасшысы Алексей Луценко үлкен үлес қосты. Ол Қазақстанға жалпы алғанда Азия құрлығының бірде-бір мемлекеті еншілемеген ұпайды әкелді. Тректегі велоспорт (спринт, омниум және кейрин) бойынша үш лицензия жеңіп алды. Айта кетерлігі, спорттың бұл түрі бойынша жолдама Қазақстан үшін тарихи болып есептеледі. Себебі, осы уақытқа дейін қазақстандықтар аталған спорт түрінен Олимпиада ойындарына қатыспаған.

Садақ атудан 20 жылдан кейін алғаш рет елімізден үш садақшы Олимпиада ойындарында командалық жарысқа қатысады.

Бүгінде он бір жолдама балуандарға тиесілі болса, жеңіл атлеттер де осы мөлшерде лицензия жеңіп алды. Теннисшілер жеті, ал байдарка мен каноэ есуден алты жолдама қоржында. Рейтингтік жарыстар нәтижесі бойынша дзюдошылар алты жолдаманы иеленді. Токио төрінде белдесетін татами шеберлерінің арасында тәжірибелі Елдос Сметов те бар.

Үстел теннисінен Қазақстан құрамасы екі жолдамаға қол жеткізді. Ал таеквондо мен слаломды есу бойынша спортшылар екі лицензияға ие болды.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров