Ақтөбеде аптап ыстықтан электр қуатын тұтыну мөлшері күрт өсті

Кәмшат ҚОПАЕВА

Бейнеден кадр

Ақтөбеде соңғы күндері электр қуатын тұтыну көлемі 600 мың кВт-қа артқан, - деп хабарлайды ЭК.

Аптап ыстық басталғалы қалада жарық жиі сөнетін болды. Соңғы екі күнде қаланың "Тұрғындар қалашығы", "Батыс-2" ықшамаудандары мен Сәңкібай батыр даңғылы және Ағайынды Жұбановтар көшесінің бойында бірнеше сағатқа дейін жарық болмады. Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметінше, жарықтың жиі сөнуі электр қуатын шамадан тыс тұтынғаннан болып отыр.

Аптап ыстықта тұрғындар энергияны көп қажет ететін салқындатқыш құралдарды қосып қояды. Соның салдарынан электр желісіне артық салмақ түсіп, трансформаторлар мен қосалқы станциялар істен шығып жатыр. Мәселен, қалыпты жағдайда қала тұрғындары электр қуатын сағатына 2 400 — 2 500 мың кВт-қа дейін тұтынады. Қазір бұл көрсеткіш 3 000 — 3 100 кВт-қа жетіп отыр.

Қазір істен шыққан трансформаторларды тиісті мекемелер уақытында қалпына келтіріп жатыр. Қалалық әкімдік тұрғындарға энергияны үнемдеп пайдалану керектігін ескертеді.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров