Еуро-2020: Жартылай финалға шыққан алғашқы құрама анықталды
©Reuters / Kirirll KUDRYAVTSEV
Футболдан Еуропа чемпионатының ширек финалдағы алғашқы ойыны аяқталды, деп хабарлайды ЭК.
Ресейдің Санкт-Петербург қаласында өткен ширек финалдың бірінші матчында Испания мен Швейцария құрамалары кездесті.
Үш дүркін Еуропа чемпионы Испания есепті 8-минутта ашқан. Сол қапталдағы қорғаушы Жорди Альбаның соққысынан кейін Денис Закария допты өз қақпасына кіргізіп алды.
Швейцария құрамасы екінші таймда, яғни 68-минутта таразы басын теңестірді. Мергендігімен көзге түскен команда капитаны — Джердан Шакири. Осы голдан кейін арада 9 минут өткенде, Швейцврия сапынан бір ойыншы алаңнан қуылды. Шабуылшы Мореноға қарсы дөрекі ойнаған Ремо Фройлерге төреші бірден қызыл көрсетті.
Он ойыншымен қалса да, Владимир Петкович шәкірттері матчты пенальтиге дейін жеткізді. Командалар 120 минут бойы бір-бірін ала алмай, 1:1 есебімен тең тарқасқан. Сөйтіп, матч тағдыры пенальти сериясында шешілді. Футбол лотериясында Испания 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Пенальти тебуден Испания құрамасы сапынан команда капитаны Серхио Бускетс, Родри мүлт кетті. Швейцариядан Фабиан Шер, Аканжи, Рубен Варгас қателесті.
Еуро-2020 ойындарында Испания құрамасы алғашқы болып жартылай финалға жолдама алды. Оның қарсыласы Италия мен Бельгия кездесуінде шешіледі.