Тоңазытқышқа нәрестені салып өлтіру ісі қаралып жатыр

Фархат ӘБІЛОВ

Pixabay

Атырауда нәрестені тоңазытқышқа салып өлтіру ісі бойынша аппеляциялық сот жалғасып жатыр, деп жазады ЭК.

Сот отырысына перинаталды орталықтың сотталған қызметкерлері — дәрігер-неонатологтар Руслан Нұрмұханбетов пен Дариға Жұмабаева, орталық директоры Қуаныш Нысанбаев, акушер-гинеколог Асқар Қайыржан мен Жәмила Құлбатырова, сондай-ақ олардың адвокаттары қатысты.

Сот басталысымен адвокаттар тағы да Батыс Қазақстан облысы бойынша сот сараптама институты жасаған бірінші сараптама мен Қарағандыда жүргізілген екінші комиссиялық сараптама қорытындыларының объективтілігіне күмән келтірді. Сол себепті адвокаттар сотқа нәрестенің мәйіті кімдікі екенін анықтау мақсатында молекулалық-генетикалық сараптама тағайындау туралы өтініш білдірді.

Осыған дейін ЭК адвокаттардың нәресте мәйітінің ауысып кеткендігі туралы айтқанын жазған еді.

"Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің жедел уәкілі Тасмағамбетов Оралға нәрестенің мәйітін ешқандай растайтын құжаттарсыз сараптамаға жеткізді. Сондай-ақ, ол Оралға мәйітті мұз салмай алты сағат та апарған. Оның бұл ісі мәйіттің аутолизіне және өлі нәресте денесінің тіндері мен жасушаларының ыдырай бастауына әкеледі",- деді адвокат Жамбыл Мұқашев.

Орталықтың сотталған директоры Қуаныш Нысанбаев соттан барлық сараптамадағы дәлелдердің күшін жою туралы және өзіне қатысты істі тоқтату туралы өтініш білдірді. Өйткені қылмыстық қудалауды заңсыз деп санайды. Атап айтқанда, ол өзінен жауап алынбағанын және оның куәгерлермен беттестіру туралы өтініші сотқа дейінгі тергеу барысында ескерілмегенін айтты.

Басқа сотталғандар да тергеуді қайтадан жүргізіп, қайта сараптама жасауды сұрады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров