Қазақ көкпардан ешқашан қырғыздан жеңілген емес – Бекболат Тілеухан

Бек ТӨЛЕУОВ

© Sputnik

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан қазақтардың көкпардан ешқашан қырғыздардан жеңілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды ЭК.

Бекболат Тілеухан "Көшпенділер ойынындағы" жеңілісін мойындамайтынын, ал қалған жарыстарда қырғыздарды жеңумен келе жатқанымызды айтты.

"Қазақстан құрамасы ешқашан жеңілген емес. Бірде-бір рет қырғыздарға есе жіберген жоқпыз. 2013 жылы Азия чемпионатының финалында басым түстік. Одан кейін ЭКСПО-2017 көрмесі аясында әлем чемпионаты ұйымдастырылды. Ол жолы да біздің құрама жеңіске жетті. Ал 2016 жылы "Көшпенділер ойынында" біздің құраманың көшбасшысы Əбдуғали Əбжапаровты қырғыздың Манас Ниязов деген көкпаршысы шауып келе жатып, әдейі құлатты. Содан Әбдуғали жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Негізгі ойыншы құлап қалған соң "жалаңаш’ қалдық. Мен бұл кездесуді ойын деп санамаймын. Сондықтан бұл жеңіліс есепке алынбайды", — дейді Бекболат Тілеухан.

Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті бұдан кейін қырғыздармен кездеспегенін айтып отыр. Еске сала кетсек, Көкпардан Қазақстан құрамасы 2018 жылы "Көшпенділер ойынының" жартылай финалында Өзбекстан құрамасынан 4:5 есебімен жеңілген болатын. Сөйтіп, финалда қырғыздармен жолықпады. Бұл жеңіліс ел арасында үлкен резонанс тудырды. Сол кезде "Қырғыздармен кездеспеу үшін әдейі есе жіберді" дегендер болған. Бұған тіпті айыр қалпақты ағайындардың өзі қынжылыс білдірді.

Қазақстан көкпаршылары Өзбекстаннан жеңілгеннен кейін жанкүйерлер ойыншыларды сынап, Бекболат Тілеуханның отставкаға кетуін де талап еткен еді.

Бірақ сол кезде Бекболат Тілеухан басқаша сөйлеген еді. Яғни 2016 жылғы "Көшпенділер ойынында" ересектер жеңілген соң, жастарды жіберген деген. Ал енді бұл жеңілісті мойындамайтынын мәлімдеп отыр.

Содан кейін көкпардың айналасындағы тағы бір дау — қазандыққа байланысты. Қазақстан осы күні салымды "шеңберге" салуға көшіп кетсе, қырғыздар "қазандық" болу керек деп санайды.

Көкпар әлемге дамуы үшін барынша оның қауіптілігін төмен түсіру керек. Өйткені жасыратыны жоқ, еуропалықтар қазандықты көргенде шошып жатады. Сондықтан "шеңбер" дұрыс,

дейді ол.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров