Түркістанда да Елбасына ескерткіш орнатылды

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Әкімдіктің баспасөз қызметі

Биіктігі 4 метр еңселі ескерткіш тұтас қоладан құйылған, деп хабарлайды ЭК.

"Ұлы Дала ұлы" композициясы жаңа әкімшілік іскерлік орталыққа орнатылды. Елбасы ескерткішінің жанында қарт Қаратаудың сұлбасы бейнеленген. Авторы — ҚР Сәулетшілер одағының мүшесі Тілеуберді Бинаш.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа ескерткіш қою туралы бастаманы кәсіпкер Болатбек Алиев көтеріп, аталған идеяға түркістандық ардагер-ақсақалдар, зиялы қауым өкілдері, мәслихат депутаттары мен кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері қолдау білдірген болатын. Облыс әкіміне үндеу жазған тұрғындардың өтініш-тілектері Орталық мемлекеттік органдар келісімімен жүзеге асты.

Демеушінің қаржысына орнатылған еңселі ескерткіштің салтанатты ашылуына Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, республикалық "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, химия ғылымдарының докторы, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңбасының авторы Жандарбек Мәлібеков, Жазушы, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт, Қаламгер, халықаралық "Алаш" әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, Түркістан облысы "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов қатысты.

Салтанатты шараға республикалық "Ардагерлер ұйымы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев тарихи сәттің куәсі болғанына қуанышты екенін жеткізді.

"Түркістан өңірінің халқының өтінішімен, кәсіпкерлердің бастамасымен көне шаһарға жаңа леп әкелген, түркі интеграциясының іске асыру идеясына мұрындық болған, Түркістанға тарихи мәртебесін қайтарған Елбасының ерен еңбегін жоғары бағалай отырып, облыс орталығы Түркістанда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл — тәуелсіз елдің шекарасын шегендеп, Қазақ елінде тыныштық пен берекені негіз еткен Елбасына алғыс ретінде және түркі елдерінің басын қосуға мүдделі болған түркі әлемінің дана ақсақалына деген ерекше құрмет", — деді қоғам қайраткері.

Әкімдіктің баспасөз қызметіӘкімдіктің баспасөз қызметі
Әкімдіктің баспасөз қызметі

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров