12 жастағы спортшы Токио Олимпиадасына жолдама алды

Болат МӘЖИТ

instagram.com / skybrown

Токио Олимпиадасына қатысатын ең жас спортшы 12 жасар британиялық Скай Браун деп хабарлайды ЭК.

Ол іріктеуден өтіп, скейтбордингтен Ұлыбритания ұлттық құрамасына қосылды. Енді 13 жасының 11 күнінде Ariake Urban Sports Park саябағында 4 тамыызда өтетін жарыста өнер көрсетеді. Бұл туралы Reuters агенттігі жазады.

Бұған дейін Олимпиадаға қатысқан ең жас спортшы ретінде британиялық суға жүзгіш Марджери Хинтонның есімі аталатын. Ол 13 жасының 44 күнінде 1928 жылы Амстердам қаласында өткен жарыста сынға түскен болатын.

Скейтбординг олимпиадалық ойындар санатына биыл бірінші рет қосылып отыр. Ұлыбритания құрамасында Скай Брауннан өзге тағы бір балғын спортшы, 14 жасар Бомбетт Мартин де бар.

"Екі спортшы да тарихи сәттің алдында тұр. Скай үшін тіпті жүрек тебірентерлік жағдай. Олимпиада ойындарының ең жас спортшысы атану екінің бірінің маңдайына жазыла бермейді", — дейді Ұлыбританияның Олимпиада миссиясының жетекшісі Марк Ингленд.

Скай Браун 8 жасынан бастап спортпен айналысып келеді. Өткен жылы спортшы қыз бес метр биіктіктен құлап, ауыр жарақат алған. Соған қарамастан спортқа қайта оралып, Олимпиадада үздік нәтижелерге қол жеткізуге бекініп отыр.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров