Шымкентте тісімен мәтін теретін копирайтер тұрады (видео)

Қайрат ЗАЙНИШЕВ

Шалқар Қуанышбаев бұның қызығушылықтан емес, қажеттіліктен туындағанын айтады, деп жазады ЭК тілшісі.

Шымкент қаласының тұрғыны Шалқарды алғашқыда Instagram-да көрдім. Парақшасындағы жазбалары жүректі елжіретіп жіберді. Ең бастысы өмірдің сынағына төзе білген жігіт "омыртқам сынса да, өзім сынбадым" дейді.

Шалқармен үйінде кездестік. Арнайы төсекте жатқан жігіттің өмірі жайлы естігенде аяныштан көзімізге жас келді. Ал өмірге деген құлшынысын көріп, қуандық. Өзімізді де жігерлендіре түстік.

Шалқар 1992 жылы Шымкент қаласында туған. Орта мектепте білім алған ол замандастарының алды болды. Ал жетінші сыныпта қазақ-түрік лицейіне оқуға түсті. Математикаға қатты қызығатын. Есеп шығаруда әрдайым сыныптастарының алды еді. Алдына болашақта "математик боламын" деген мақсат та қойды.

2010 жылы ҰБТ-дан 121 балл жинап, Сүлеймен Демирел атындағы университетке құжаттарын өткізді. Өмірге құштар жас түлектің алдында үлкен мақсаттар мен армандар тұрды. Барлығы да ойдағыдай болатын. Күнделікті қызықты сәттер өтіп жатты.

Сол жылы Таразға қыдырып барған Шалқар осыдан кейін өмірінің түбегейлі өзгеретінін сезген жоқ еді. Осы қалада аквапарктегі суға түсемін деп, өмірлік армандары мен мақсаттарынан біржола айырылды.

"Суға секіргенімді білемін. Әрмен қарай аяқ-қолым істемей қалды. Қимылдата алмаймын. Басым жарылған екен. Ал қасымдағылар жүгіріп жүр. Түк түсінбеймін. Бір кезде көпшілік судан шығарып алды. Жедел жәрдем келді. Кейіннен білдім, жұлыныма зақым келіпті. Екі аяқ, екі қолым істемей қалды", — дейді Шалқар Маратұлы.

Содан бері он жылдан асты. Ата-анасы ем-дом жасату үшін Ресейге дейін алып барды. Бірақ нәтиже болмады. Күйзеліске түскен жігіт оқуын да жалғастыра алмады.

"Мен мемлекеттік грантпен оқуға түскенімді кейіннен білдім. Университет басшылығы да маған бір жыл академиялық демалыс алуыма мүмкіндік берді. Жазылсам жалғастырамын деп ойладым. Амал нешік... " — дейді ол.

Әлеуметтік желінің қоғамға енуі Шалқардың да екінші тынысын ашты. Қоғаммен араласуына үлкен мүмкіндік тудырды. Қазір үйде телефон арқылы достарымен сөйлесіп отырады. Желіге кіріп, жаңалықтарды көреді. Өзі қатарлы жастармен пікір алмасады. Ең бастысы — инстаграм арқылы аудитория жинап, ақша тауып жүр. Бәрін қаламсапты тістеу арқылы жазып шығады.

"Әрине, Instagram-ға кіріп, блог жүргізіп қаржы табу жақсы. Бірақ мен үшін бұл қызығушылық емес, қажеттілік болды. Он жыл осы бөлмеде теледидар көріп қимылдай алмай жаттым. Әке-шешем де қартая бастады. Інімнің де шамасы келмейді. Баршасының өз шаруалары бар. Әуре ете бергім келмейді. Сондықтан маған жеке көмекші керек. Көшеге алып шығып, қыдыртатын, шаштаразға, саябаққа алып баратын адам қажет. Оның шығындарын да әке-шешеме арта беруге болмайды. Әкем қарауыл, мамам кітапханашы болып қызмет атқарады. Сондықтан қаражатты өзім табуым керек деп шештім", — дейді ол.

Шалқардың желіден парақша ашқанына бір жылға жуық уақыт болған. Қазір 10 мыңнан астам оқырманы бар. Блоктарын да тұрақты түрде көріп отыратындар көп. Коммерциялық нысандар жарнама беріп ақысын төлеп тұрады. Ал кейбірімен өзара келісім жасайды. Жарнамасын жасап берген шаштаразға барып шашын тегін алдырса, кей кафелер мен дүкендердің қызметін "жеңілдікпен" тұтынады.

"Менің мақсатым қаржылай тәуелсіз болу. Алғашқыда тісіммен қаламсап тістеп, ұзақ мәтін жазу қиындық тудырды. Кейін қалыптасып кеттім. Мен үшін үйрену, жұмыс істеу — ешқашан кеш емес", — дейді копирайтер.

Шалқар танымал блогерлердің парақшаларына жазылып, курстарына қатысып отырады. Копирайтерлік бойынша сабақ алады. Мәтіндерді қаламсап тістеп өзі жазады, әрлейді.

"Жазу ұнайды. Қолымнан келеді. Бірақ денсаулығыма зиян болғандықтан көп пайдалана алмаймын. Негізі бұл диагнозбен көп адамның тірі қалуы екі талай екен. Сондықтан менің осылай жатқанымның өзі Алланың сыйы деп білемін. Себебі, бұл өмірде менің де миссиям бар. Адамдарға керекпін", — дейді Шалқар Қуанышбаев.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров