Айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова өмірден өтті

Бек ТӨЛЕУОВ

Әселхан Қалыбекова

Түркістан облысында тұратын айтыскер ақын Әселхан Қалыбекова 72 жасқа қараған шағында дүниеден өтті, деп хабарлайды ЭК.

Әлеуметтік желіде айтыскер ақындар қазақ еліне көңіл айтып, қаралы хабарды жеткізді.

Алаштың аяулы ақыны, Асыл анамыз Əселхан Қалыбекова бұл жалғанмен қоштасып, шын өмірге аттанды. Барша қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз. Жаназа уақытын қосымша хабарлаймыз,

деп жазды айтыскер ақын Біржан Байтуов.

Әселхан Қалыбекова 1950 жылы 22 сәуірде қазіргі Түркістан облысы Отырар ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын 1970 жылдары аудандық мәдениет бөлімінде, аудандық газет редакциясында бастаған. Аудандық ауа райы мекемесінде бақылаушы қызметін атқарған (1971-1991). 1981 жылдан бастап суырып салма айтыс ақындарының додасына қатыса бастады. 1981 — 1984 жылдары аралығында аудандық, облыстық және облысаралық ақындар айтыстарында жүлделі орынды уысында бекем ұстап тұрды.

Жазушылар одағы Жамбыл атындағы сыйлығының тұңғыш иегері (1989). Қазақ КСР Жоғарғы Советі Президиумының Указымен Қазақ КСР — ның Халық ақыны құрметті атағы берілді (1990 ж. 6 сәуір). Айтыс өнерінің ақтаңгері Әселхан Әлішерқызы Қалыбекованың "Отырар аспаны" (1994), "Басыңды тікпей бақ қайда?! " (1990-2000), "Алладан пәрмен сұраған" (2000), "Сырттан кеткен тамырлар" (2004), "Жыр-Шапағат" (2008), " Әселхан Әлемі" (2008) атты кітаптары жарық көрді.

Отырар аудандық мәдениет бөлімі жанынан ашылған ақындар мектебіне жетекшілік етті. Аталмыш мектептен көптеген айтыс саңлақтары шықты. Бүгінгі айтыс көкжиегіндегі шоқ жұлдыздар — Маржан Есжанова, Анар Жаппарқұлова секілді айтыскерлер осы мектептің шәкірттері. Отырар ауданының "Құрметті азаматы". "Парасат" орденімен марапатталған (2005).

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров