Бір ауданға екі Мойынқұм көптік етпей ме?

Ержан ШАЙЖАН

Әлеуметтік желіден

Жамбыл облысы, Мойынқұм ауданындағы Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілуі мүмкін, деп хабарлайды ЭК.

Даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына биыл — 125 жыл. Осыған орай Жазылбек Қуанышбаев атындағы қоғамдық қоры "Мойынқұм" атауын "Жаз ата ауылы" деп өзгертуді ұсынып отыр.

© ЭК© ЭК
© ЭК

Айтуларынша, "Дала академигінің" есімін ауылға берудің уақыты әлдеқашан жеткен. 2000 жылдардан бері көтеріліп келе жатқан мәселеге осы жылы нүкте қойылса дейді.

"Жазылбек атаның атында алып бара жатқан ештеңке жоқ. Аудан орталығында бір мұражай, бір көше, ауылдарда 10 шақты көше бар, болды. Ешқандай мектепте, өзге де нысандарға есімі берілмеген. Қазақстанда өзі төрт адам ғой екі мәрте еңбек ерін алғандар. Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Николай Головацкий және Жазылбек Қуанышбаев. Осылардың ішінде тек Жазылбекте ғана ауыл жоқ. Қалған үшеуінің аттарында ауылдар бар", — деді қор төрағасы Орынбасар Ахмет.

© ЭК© ЭК
© ЭК

Жазылбек Қуанышбаев есімін ауылға беру мәселесі төңірегінде ауыл тұрғындарының пікірі екіге жарылады. Бірі қолдаса, екіншілері Мойынқұм атында қалуы тиіс деп есептейді.

Ауылдың аты өзгерсе, құжат мәселесі төңірегінде қиындықтарға тап болуымыз мүмкін,

деп алаңдайтындар да бар.

"Бұл жерде жоғарыда отқандар халықтың пікірін ескеруі керек. Мен ауыл атының өзгергеніне қарсымын. Мойынқұм деген тарихи ат. Республика бізді осы ат арқылы таниды. Ертең қайдан боласың десе, елге не бетімізді айтамыз, Жазылбек атаның ауылынан дейміз бе?! Санамызға сіңіп, құлағымызға жатталып қалған атаудан айыру дұрыс емес", — дейді ауыл тұрғыны Бекболат Өткелбаев.

© ЭК© ЭК
© ЭК

Мойынқұм ауылында 1500-ге жуық отбасы тұрады. Ереже бойынша, ауыл атын өзгерту мәселесі көпшіліктің талқысына салынып шешілуі тиіс. Әр шаңырақтан кемінде бір адам жиналысқа қатысып дауыс беруі керек. Ал ондай жиналыс жасауға пандемия кедергі,

дейді әкімдіктегілер.

"Бұл 1-2 айда шешілетін шаруа емес. Алдымен Мойынқұм ауылы тұрғындарының қатысуымен үлкен жиналыс өтіп, ауыл атын өзгерту мәселесі дауысқа салынады. Ал қаражатқа келсек, ол жерде нақты қанша кететінін айту қиын. Үйлердің техникалық құжаттарын ауыстыру мәселесін де шешіп қойдық. Тұрғындарға одан қорқудың қажеті жоқ. Ары кетсе әр мекеме мөрін ауыстыратын шығар. Біз бұл шаруаны күзде қарастырамыз. Өйткені халық санағы біткенше көше, ауыл атауларын ауыстыруға рұқсат жоқ", — деді аудан әкімінің орынбасары Аманкелді Нәметқұлов.

Мойынқұмға Жазылбек Қуанышбаевтың есімі беріле ме, жоқ па, ол жағы әзірге басы ашық күйіндегі әңгіме. Ауыл атын өзгерткен дұрыс па? Сіз қалай ойлайсыз?

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров