ЕҮ
Есен ҮРКІМБАЙ
Авторлық пікір

Бекет атаның ел білмейтін қандай құдіреті бар? (видео)

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Маңғыстау облысын жұрт 362 әулие мекен еткен киелі жер деп санайды. Солардың ішінде Оғландыдағы Бекет ата жерленген мазар кешеніне барып, зиярат жасайтын жұрт көп. Келушілерді этникалық тұрғыдан алғанда олардың көбі қазақтар. Сонымен бірге, түрікмендер мен қарақалпақтар, тіпті басқа конфессиялардың өкілдері де кездеседі.

Экспресс К тілшісі Маңғыстау облысындағы Бекет атаның жатқан жеріне арнайы барып қайтты.

Бекет Мырзағұлұлы 1750-1813 жылдар аралығында өмір сүрген. Маңғыстаулықтар оны Пір Бекет немесе Ер Бекет деп айтады. Қазақтың кіші жүзінің Адай руынан шыққан Бекет атаның есімі жауынгерлік замандағы шайқастарда ұранға айналған.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Бекет атаның мазар кешені Ақтау қаласынан 300 шақырымға жуық жерде орналасқан. Әуелі Ақтаудан Жаңаөзенге келіп, ары қарай шамамен 130 шақырым жол жүру қажет. Бұрын Жаңаөзен мен Бекет ата арасындағы жол қиыршық тасты болған. Екі жыл бұрын жөнделіп, тас жол салынған. Ақтаудан Бекет ата басына дейін 3 сағатта жетуге болады.

Біздің сапарымыз тіпті жылдам болды. Ақтаудан Жаңаөзенге жетіп, ары қарай келісім бойынша төрт адам болып Бекет ата басына аттандық. Қасымдағы үш адамның екеуі ерлі-зайыптылар. Үйленгендеріне бір жылдан асқанымен бала сүймеген. Енді Бекет атаның басына зиярат етпек ниетпен Жезқазған қаласынан арнайы келіп отыр. Үшінші адам денсаулығы сыр беріп ота жасатпақ екен. Сол үшін ол да Ақтаудан Бекет ата басына жолға шығыпты.

Жаңаөзеннен шыққан соң бірден Қызылсай ауылына қарай бет алдық. Жолда мұнай компаниясына қарасты кен орнын басып өтіп, Сенек ауылына жетпей Бекет ата басына баратын жолға түстік. Жиырма шақырымнан соң жолдың оң жағында тұрған Шопан ата жерленген кешенге, жерасты мешітіне аялдадық. Жалпы, Бекет атаны бетке алған жұрт әуелі Шопан атаның басына соғады.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Шопан атаның жартасты қашап салынған жерасты мешітінің төбесі аласалау келген. Бір бөлмесінде Шопан атаның мәйіті, одан ары қарай өтетін бөлмелерде Шопан атаның қызы мен зайыбы, жақындары жерленген. Елдос есімді шырақшы мұнда ауысып жұмыс істейтінін, негізінен Ақтауда тұратынын әңгіме арасында айтып өтті.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Мұнда келгендерге мешітте құран оқып, Шопан атаның шыңырау құдығынан су ішуге болады. Айтпақшы, жазылмаған қағида бойынша сапарға шығар алдында орамал, аз-кем тәтті-пәтті ала шыққан дұрыс. Мұнда келгендерге шай береді. Сол жердегі қызмет етіп жүргендерге түйіншегіңізді ұстатасыз. Әрине, олар сізден ештеңе сұрамайды.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН
©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Негізінен Шопан ата қорымы мемлекет қорғауына алынған. Мұнда 18-19 ғасырларда өмірден өткен адамдар жерленген зираттарды кездестіруге болады.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Әйгілі Сүгір жырау да Шопан ата қорымына жерленген.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Шопан ата басындағы шырақшы арнайы шақыртумен келіп, қысқа мерзімге кешенге жұмысқа келген екен. Зиярат етуде қандай ниетте болу керектігін келгендерді айтып отыр. Зияраттан кейін өзін таныстырып, кезінде спортшы болғанын жеткізді.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Шопан ата басынан шыққан соң Бекет атаға дейін тура 100 шақырым жол. Тақтайдай тегіс жолда зулаған көліктер көп. Әйгілі Бозжыра шатқалы да осы бағытта. Тек Бекет атаға жетпей оңға бұрылатын жолмен кетеді.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Бекет ата басына келгенімізде адамдар қарасы көп болмады. Елімізде пандемия басталғанша келген адамдарды қабылдайтын қонақ үй кешені жұмыс істейтін. Қазір кеше уақытша жабық тұр.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Зиярат етушілер бірден шатқалдағы баспалдақтар арқылы 2 шақырымдай жолмен төмен түсіп, жартасты қашап салынған Бекет ата мазар кешеніне барады

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Жоғарыдан құлама құздың етегін жағалай түсетін жолда жүру ертеде қиын болған деседі. Соңғы бірнеше жылдықтан бұл жолдар жөнделіп, адамдар демалу үшін бірнеше шатыр мен орындық орнатылған.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Жолда Бекет ата дәрет алған бұлақ көзі бар. Сонымен бірге, жұрт су ішетін бұлаққа арқарлар күн сайын келеді. Зиярат етушілерден үркіген арқарлар құдды үй жануары сияқты. Қанша тырыссақ та бізге бұл жолы арқарларды көрудің реті келмеді. Зиярат етушілердің бірі Бекет атаға келетін жолдан сәл қашықта бірнешеуін көргенін айтты.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Бекет атаның мазар кешенінің алдында алыстан келген зияратшылар жүр екен. Мұнда келгендер бір-біріне "Ниеттеріңіз қабыл болсын!" деп жөн тілек айтады.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Біз Бекет атаның мазар кешеніне келгенде іштегі шырақшы тасбиқ айналдырып отыр екен. Бейнежазбаға түсіруге болмайтынын айтып, бірден ескерту жасады. Бұрын келмегендерге қандай шараларды істеу керектігін түсіндірді, құран оқыды. Тасты қашап салынған мешіт пен мазар есі тарлау шағын үш бөлмеден тұрады.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Үш бөлменің бірінде шырақшы отырды. Шырақшы отырған бөлмеде Бекет Мырзағұлұлына ескерткіш тақта орнатылған. Айтуынша, тақтаның арғы жағында қабырға ойып мәйіті жерленген. Екінші бөлмесінде атаның қызы жерленген. Мұнда бала сүйгісі келетін қыз-келіншектер кіріп, ырым етеді екен. Шарт бойынша ниетпен кірген әйел адам жоралғыларды жасап, жерге отырады.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Келесі бөлмеде Бекет атаның аса таяғы қойылған. Ізгі тілекпен ниет етіп келгендер бөлме ішіне кіріп, қол жайып тілек етеді. Ел аңызында бұл асатаяққа қатысты түрлі әңгімелер бар.

©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН
©ЭК/Жанкелді ҚАРЖАН

Зиярат етеді демекші, мұнда қарапайым халықтан бастап шенеунікке дейін келеді. Кезінде ел президенті де Бекет ата басына арнайы келіп зиярат еткен. екен. Жол тақтайдай тегіс, қонатындар үшін қонақ үй кешені бар. Адам санына қарай мұнда күніне бірнеше қой сойылады.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров