Бек ТӨЛЕУОВ
Авторлық пікір

Қазақстандағы спорт журналистикасының жай-күйі қандай?

© Алексей ФИЛИППОВ

2 шілде Халықаралық спорт тілшілері күні ретінде аталып өтеді, деп хабарлайды ЭК.

1924 жылы 2 шілдеде Парижде Халықаралық спорт басылымдары қауымдастығы (AIPS) құрылған болатын. Сондықтан дәл осы күн 1995 жылдан бастап Халықаралық спорт журналистері күні ретінде аталып келеді.

Бүгінде AIPS-тің құрамына әлемдегі 130 мемлекеттің спорт журналистері кіреді. Олардың қатарында Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығы да бар. Осы ретте бұл ұйымның Қазақстандағы басшыларына 4 сауал жолдап, елдегі спорт журналистикасының жай-күйін сұраған едік.

1.Бүгінгі қазақ спорт журналистикасының жай-күйін қалай бағалайсыз?

2.Спорт журналистикасындағы, жалпы спорт журналистер арасындағы негізгі өзекті мәселелер қандай?

3.Елімізде Несіп Жүнісбаевтың бастамасымен AIPS-тың филиалы ашылған. Бірақ соңғы жылдары жұмысы баяулап, жаңа мүшелер қабылданбай жатыр. Бұл істі әрі қарай жүргізу үшін не қажет?

4.AIPS-тің Олимпиада және спорт комитеттерімен тығыз жұмыс істеуіне не жетіспейді?

Нұрғазы Сасаев, Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығының вице-президенті:

Нұрғазы СасаевНұрғазы Сасаев
Нұрғазы Сасаев

1. Еліміздегі спорт журналистикасының жалпы жағдайы жаман емес. Ең бастысы, бәсекелестік бар. Өкінішке қарай, дәл қазір әлемді жайлаған нәубеттің кесірі де тимей отырған жоқ. Көптеген басылымдарға бұл әжептәуір қолбайлау болып тұр. Қысқа қайырар болсақ, қазақтілді контент негізінен ақпараттық тұрғыда қамтылған деуге болады. Талдау, зерттеу мақалалары көп емес. Шындықты тура айтатын сұхбаттар да азайып кеткендей...

2. Спорт журналистикасындағы негізгі мәселенің бірі — еркіндік. Бізде тәуелсіз спорттық басылымдар бар ма, өзі? Ешкім де басылымның бағыты мен ұстанымынан ауытқи алмайды. Одан кейінгі әттеген-айымыз, спорттық жарыстар мен додалардан тікелей ақпарат тарату мен жедел сұхбат жариялау да сиреп кеткендей. Негізінен, бәрі де ғаламтордағы "дайын асқа" иек артып алғандай. Өзіміз эксклюзив дейтін, буы бұрқыраған мақалалар тым аз секілді. Ал сын деген жоққа тән. Соған қарағанда, бізде бәрі де жақсы, бәрі де дұрыс сияқты. Ал қаншалықты дұрыс екендігін Токио Олимпиадасында байқармыз.

Дастан Кенжалин / Дмитрий Баландин / Нұрғазы СасаевДастан Кенжалин / Дмитрий Баландин / Нұрғазы Сасаев
Дастан Кенжалин / Дмитрий Баландин / Нұрғазы Сасаев

3. Бізде AIPS-тің филиалы емес, толыққанды мүшесі бар. Ресми түрде "Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығы" деп аталады. Жарғысы бойынша, коммерциялық емес, республикалық мәртебесі бар қоғамдық бірлестік. Түлкібұлаңға салмай, турасын айтқанда, бізде ауызбіршілік жоқ. Одан кейінгі өзекті мәселе — қаржы тапшылығы. Осы екеуін бірдей алып дөңгелетіп әкететін басшы іздестіргенімізді де жасырмаймын. Атқару комитетінің таңдауы түскен кейбір ықпалды тұлғалар әртүрлі себептермен бас тартты. Енді бір көпшілікке танымал тұлғамыз келісіп, бәрін жүзеге асыра бастады да, соңғы сәтте, жұмыс бабына қарай, уақытша кейінге шегерді. Жалпы, бұл халықаралық қатынастағы ұйым болғандықтан, басшының ағылшын тілін білгені де жақсы.

4. AIPS өз жұмысы мен шаруасын бірқалыпты жүргізіп жатыр ғой. Сіз Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығын мезеп тұрған боларсыз. Ақиқаты сол, бұл бізде үлкен мәселе болып отыр. Мысалы, біздің президентіміз әлі ҚР Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысымен әлі кездесе алған жоқ. Бірнеше рет талпынса да, тек айналасындағы басқа адамдармен ғана жолықты. Ал Халықаралық Олимпиада комитетінің президенті Томас Бах мырзамен бірнеше мәрте кездесіп үлгерді.

Дастан Кенжалин, Қазақстан спорт журналистері қауымдастығы Нұр-Сұлтан қалалық филиалының жетекшісі:

Дастан КенжалинДастан Кенжалин
Дастан Кенжалин

1. Бүгінгі қазақ спорт журналистикасы заман ағымына сай, өз бетінше жұмысын істеп жатыр. Қазір республикалық, облыстық, аудандық газет пен телевидениеде спорт хабарларын жүргізетін, спорт жаңалықтарын жазатын, айтатын әріптестеріміз бар. Бірақ көбінесе жалпылама ақпаратпен шектеліп, терең сараптама мен талдаудың болмай жатқаны рас. Сараптаманы әріптестеріміз әлеуметтік желіде көп жариялап жүр. Мысалы, белгілі журналист Нұрсұлтан Құрман Youtoube-те футбол тақырыбына сұхбаттар алып, жақсы талдау жасайды. Басқа да бірнеше әріптесіміз аталған желідегі өз арналарында әлемдегі нөмірі бірінші спорт түріне қатысты сараптамаларын ұсынып жатқан жайы бар. Бұл бір жағынан жастардың спортқа деген қызығушылығы болса, екінші жағынан олардың өзара бәсекелестігі.

Қазір шындықтың бетіне тура қарасақ, мемлекеттік тапсырыспен шығатын БАҚ-та ондай бәсеке болмай тұр. Өйткені спортты көргісі келетін, содан жақсы сараптама күтетін адам бірінші жарысты барлық жағынан қызықты және тартымды етіп көрсететін журналистің хабарын қарайды. Содан оның хабары ұнаса, келесі бағдарламасын күтіп отырады. Әрине, мемлекеттік тапсырыспен шығатын басылымдар мен телеарналарда да спорт журналистерінің жақсы дүниелерін қарап жүремін. "Егемен Қазақстан" газетінде оннан астам кітаптың авторы Ғалым Сүлейменнің, "Астана ақшамында" әріптес ағамыз Ғалым Қожабековтің, Qazsport арнасында Аян Төлегеннің және белгілі журналист Төлеубек Қадырмолланың материалдары қызықты.

Дастан КенжалинДастан Кенжалин
Дастан Кенжалин

Мен биыл "Қазақтың 72 бапкері" кітабын жазған спорт тарихшысы Қыдырбек Рысбектің, қаламгер Бақтияр Тайжанның, Нұрғазы Сасаевтың, Қайрат Әбілданың, "Спорт жұлдыздары" республикалық журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің, танымал спорт комментаторы әрі ақын Есей Жеңісұлының, BAQ League жобасының жетекшісі Әзиз Жұмаділдің, кезінде "Рахат", СТВ арналарында "Ауыл спорты" бағдарламасын жүргізген Ақын Ордабайұлының, спорт менеджері Ардақ Тоғымовтың, Данияр Кәрімжанның, Ерзат Серғазинның, Ермұхаммед Мәуленнің, Бек Төлеудің, Әнуар Абдрахмановтың, Руслан Меделбек пен басқа да әріптестердің жұмысын атап өткім келеді. Мен атамай қалған спорт журналистері көп. Әрине, олардың бәрі өз "бақшасында" шама-шарқынша жұмыс істеп жатыр. Осылардың бәрі — Несіп Жүнісбайұлының жазғанына қарап, содан тәлім алып өз жолын таңдаған әріптестеріміз.

2. Спорт журналистикасының негізгі мәселесі — журналистердің өзін қолдау. Әрине, проблемасыз, қиындықсыз ештеңе болмайды. Соңғы он жылда бірнеше спорт ашылды. "Sport" газетіміз де бар. Осыларды мемлекет жыл сайын қолдап отырса деймін. Әрине, Qazsport арнасының ашылғанына спорт жанкүйерлерінің бәрі бір кісідей қуанды. Енді соған тағы бір бәсекелес болатындай спорт арнасы ашылса жақсы болар еді. Мысалы, біздің елдегідей мұнай мен газдан, басқа да табиғи байлықтардан табыс көрмейтін шет елдерде бір емес, бірнеше спорт телеарналары бар. Көрші Өзбекстанның өзінде де солай. Бұл елде спортқа деген қызығушылық, оның насихатына көңіл бөлу деген өте жақсы. Енді бәрін айта берсек, шешімін таппай жатқан мәселе көп.

Дастан КенжалинДастан Кенжалин
Дастан Кенжалин

Тағы айтайын дегенім, жоғары оқу орындарында спортқа жақын студенттерді дайындайтын кафедра ашылса деген тілегім бар. Мұндай кафедраның өміршеңдігін белгілі журналист Дүрәлі Дүйсебай Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде кафедра ашып, дәлелдеп берді.

3. Біздің елде AIPS-тың Қазақстан спорт басылымдары қауымдастығы деген ұйым бар. Ол — AIPS таныған коммерциялық емес, республикалық мәртебесі бар — қоғамдық бірлестік.

Дастан КенжалинДастан Кенжалин
Дастан Кенжалин

Бұл ұйымның жұмысын жүргізу қажет. Қазір оған лайықты басшы керек. Оның президенті болуға бірнеше адамға ұсыныс айтқанбыз. Бірақ, ұйымның жұмысына ешкім қаржы шығарғысы келмейді. Осы күндері спорт журналистерімен бірігіп, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай жұмыс істегісі келетін, спортқа жанашыр адамды іздеп жатырмыз.

Біз мемлекеттен не аламыз емес, мемлекетке не береміз деген ұстаныммен жұмыс істейміз.

4. AIPS-тің Олимпиада мен спорт комитеттерімен тығыз жұмыс істеуіне ешқандай кедергі жоқ. Қауымдастық бәрімен бірігіп жұмыс істегісі келеді. Бірақ ешкімге бағынбай, ешкімнен тапсырма алмай, еркін түрде қызмет етуі керек. Спорт журналистерінде еркіндік деген болуы қажет.

    Ұсынамыз

    Пиксель для количества просмотров